«Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және AI-SANA ұлттық бағдарламасы» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференцияFarabi University

91ý

«Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және AI-SANA ұлттық бағдарламасы» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференция

23 сәуір 2026
«Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және AI-SANA ұлттық бағдарламасы» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференция

Тараз қаласында 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай 22–25 сәуір аралығында «Академиялық кітапханаларды дамытудағы заманауи трендтер» бағыты бойынша «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: халықаралық тәжірибе және AI-SANA ұлттық бағдарламасы» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға Қазақстанның жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері, кәсіби мамандар, түрлі баспа өкілдері, сондай-ақ «Дүниежүзі тарихы және деректану» кафедрасының докторанты Денгельбаева Назгүл Болысбайқызы қатысты.

Аталған конференция кітапхана ісі, ғылым және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды біріктіріп, жасанды интеллект дәуіріндегі кітапханалардың трансформациясына бағытталды. Іс-шара барысында білім мен ғылымға қолжетімділіктің өзгеруі, кітапханашылардың рөлі, ғылыми зерттеулер құрылымы, цифрлық кітапханаларды дамыту, кітапхана жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ ақпаратқа тең әрі инклюзивті қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар тұрақты даму, ақпараттық қауіпсіздік және кітапханалардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Ұлттық AI-SANA бағдарламасы аясындағы тақырыптар кеңінен қозғалды. Әртүрлі елдердің жетекші сарапшылары академиялық кітапханаларды дамытудың озық тәжірибелерімен бөлісіп, цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметіне енгізу мәселелеріне тоқталды. Ақпаратты сақтау және өңдеудің жаңа технологиялары, кітапханалардағы жасанды интеллект пен нейрондық желілерді қолдану, кітапхана қызметтерін цифрландыру бағыттары жан-жақты қарастырылды. Практикалық бағыттағы іс-шаралар аясында шеберлік сыныптары, семинарлар (оның ішінде ИРБИС мектебі), воркшоптар, форсайт-сессиялар, панельдік пікірталастар, кәсіби турлар (кітапхана турлары), постерлік баяндамалар ұйымдастырылып, кітапханаларды цифрлық трансформациялау бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.

Төрт күнге созылған конференция 25 сәуір күні «Қызғалдақ мұра» фестивалімен қорытындыланды. Бұл жиын кәсіби мамандар үшін кітапхана қызметіне жаңашылдықтар мен өзгерістер енгізуге ықпал еткен маңызды алаң болды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені меңгеруге және жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхананың рөлін тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.