«Бірлік пен татулықтың нұры – 1 мамыр»
29 сәуір күні 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай факультетімізде «Бірлік пен татулықтың нұры – 1 мамыр» тақырыбында тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінде факультетімізде 90-нан астам шетелдік студент білім алуда. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – әртүрлі ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге тәрбиелеу, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыру болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын насихаттау, студенттердің патриоттық сезімін қалыптастыру және көпұлтты ортада толеранттылық мәдениетін дамыту көзделді.
Іс-шара барысында Түрікменстан, Сирия, Малайзия, Өзбекстан және Қытай елдерінен келіп білім алып жатқан студенттер өз елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстырып, ұлттық ерекшеліктері туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, олар Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтап, достық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында ұлттық киімдер көрсетіліп, әр елдің дәстүрлері мен құндылықтары кеңінен насихатталды. Студенттер арасында мәдени алмасу жүзеге асып, түрлі халықтардың өнері мен дүниетанымына деген қызығушылық артты.
Аталған іс-шара факультеттегі көпұлтты студенттер арасындағы бірлікті нығайтып, өзара сыйластық пен құрметтің артуына оң әсерін тигізді.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі
декан орынбасары Жақсылықова Г.Ж.