ҚазҰУ студенті Диас Алимбетов Шахмардан Есенов қорының стипендия иегері атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Нейроғылым» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Диас Алимбетов жас ғалымдарға арналған Shakhmardan Yessenov Foundation беделді стипендиялық бағдарламасының жеңімпазы атанды.
Биылғы конкурс жоғары бәсекелестігімен ерекшеленді: Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық үміткердің ішінен 20 жеңімпаз таңдалды. Стипендия иегерлерінің қатарына ену – жас зерттеушінің жоғары ғылыми әлеуетін көрсететін маңызды жетістік.
Диас Алимбетов ҚазҰУ жанындағы Ми институтында undergraduate research assistant ретінде жұмыс істейді. Ол магниттік-резонанстық томография (МРТ), жақын инфрақызыл диапазондағы функционалдық спектроскопия (fNIRS) және электроэнцефалография (ЭЭГ) сияқты нейровизуализация әдістерін қолдана отырып, адам миының жұмысын тереңірек түсінуге бағытталған зерттеулерге тікелей қатысады. Аталған стипендия оның кәсіби дамуына маңызды қолдау болады.
«Бұл бағдарламаға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тек атқарылған жұмыстың мойындалуы ғана емес, сонымен қатар зерттеулерімді жалғастырып, нейроғылымның дамуына үлес қосу жауапкершілігі», — дейді Диас Алимбетов.
Басқа жаңалықтар