2026 жылғы 30 сәуірде Заң факультетінің Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы «Ашық есік күнін» өткізді.
Іс-шараға Алматы қаласындағы №210, 224, 143, 24 мектеп-лицейлерінің, №185 мектептің, Талғар ауданының №2 мектебінің, сондай-ақ Алматы облысы Іле ауданындағы №44 орта мектептің 10–11 сынып оқушылары кәсіби бағдар беруші маманмен бірге қатысты.
Қонақтарға Заң факультетінің деканы У. Ахатов құттықтау сөз сөйлеп, болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың маңыздылығын атап өтті. Кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор м.а Т.Т. Балашов өз сөзінде мұндай іс-шаралардың маңыздылығына, қазіргі қоғамдағы заң білімінің рөліне тоқталып, сондай-ақ мамандықтың үздік түлектері туралы баяндады.
Іс-шараға заң ғылымдарының докторы, профессор А.С. Ибраева да қатысып, мектеп оқушыларына арналған «Құқық негіздері» оқулығының авторларының бірі ретінде құқықтық білім берудің негізгі бағыттарын атап өтті.
Кафедра оқытушылары — заң ғылымдарының кандидаты Г.Г. Нурахметова, Д.У. Рыскалиев, С.М. Алдашев, Ж.Б. Умбетбаева «Құқықтану» және «Корпоративтік құқық» білім беру бағдарламаларын таныстырып, оқу үдерісінің ерекшеліктері туралы айтып, талапкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара аясында қатысушылар үшін университет кампусы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар әл-Фараби кітапханасына барып, онда кітапхана қызметкерлері танымдық экскурсия өткізіп, бірегей ресурстармен таныстырды, сондай-ақ ортағасырлық шығыс философиясының көрнекті өкілі, ұлы ойшыл, ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің ғылыми мұрасы туралы мәлімет берді.
Іс-шара соңында талапкерлерге оқуға түсу және факультетте білім алу мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Басқа жаңалықтар