ҚазҰУ-да ТДМ 4 «Сапалы білім» аясында «Аң стилі» тақырыбында ашық дәріс өтті
2026 жылғы 13 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде «Аң стилі» тақырыбында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Төлегенов Төрәлінің ашық дәрісі өтті.
Дәрістің мақсаты – «Аң стилінің» тарихи-мәдени мәнін тереңінен ашу, оның пайда болуы, қалыптасуы мен даму кезеңдерін ғылыми тұрғыда түсіндіру, сондай-ақ бұл өнердің көшпелі өркениеттегі орнын айқындау. Сонымен қатар, студенттердің ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, дереккөздермен жұмыс істеу дағдыларын дамыту және сапалы білім беру арқылы олардың ғылыми-танымдық көкжиегін кеңейту көзделді.
Ашық дәріс барысында лектор «аң стилінің» шығу тегі, негізгі белгілері мен көркемдік ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Әсіресе сақ дәуіріндегі «аң стилінің» кең таралуы, жануар бейнелерінің динамикасы, композициялық құрылымы және олардың символикалық мағынасы нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Археологиялық қазбалардан табылған бұйымдар негізінде аң бейнелерінің қару-жарақта, ат әбзелдерінде, әшекей заттарда және тұрмыстық бұйымдарда қолданылуы қарастырылды.
Сонымен қатар, «аң стилінің» дүниетанымдық негіздері, яғни ежелгі тайпалардың табиғатпен байланысы, тотемдік түсініктері мен мифологиялық көзқарастары талқыланды. Лектор бұл өнердің тек сәндік емес, сонымен қатар сакралды және идеологиялық қызмет атқарғанын атап өтті. Қазақстан аумағындағы белгілі археологиялық ескерткіштер арқылы «аң стилінің» аймақтық ерекшеліктері мен даму деңгейі сараланды.
Дәріс барысында тыңдаушыларға көрнекі материалдар ұсынылып, ғылыми деректер мен заманауи зерттеулерге сүйене отырып талдау жасалды. Сонымен қатар, «аң стилінің» қазіргі мәдениет пен өнердегі жалғастығы, оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі туралы да сөз қозғалды.
Дәріс соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тақырып төңірегінде пікір алмасты. Бұл өз кезегінде білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, тарихи-мәдени мұраны тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.