Көркем аударма бойынша халықаралық жоба аясында үш университет студенттеріне арналған дәріс өттіFarabi University

91ý

Көркем аударма бойынша халықаралық жоба аясында үш университет студенттеріне арналған дәріс өтті

15 сәуір 2026
Көркем аударма бойынша халықаралық жоба аясында үш университет студенттеріне арналған дәріс өтті

2026 жылдың сәуір айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы Корея Республикасының Көркем аударма институтының қолдауымен «Шетелдік ЖОО-лар үшін көркем аударма бойынша шеберлік сабағы» атты білім беру жобасын жүзеге асыруда.

Жоба аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің корейтану бөлімінің студенттері Ким Доң Ни жазушының «Бақсы қыз»  атты шығармасын қазақ тіліне көркем аударумен айналысуда. Аталған жоба ҚазҰУ-мен қатар Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Сүлеймен Демирел университетінде де жүзеге асырылуда.

2026 жылдың 15 сәуірінде осы үш университеттің студенттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде жиналып, офлайн форматта дәріс тыңдады. Дәрісті факультеттің аға оқытушысы Джан Вон Ги «Дәстүр мен модерннің тоғысқан тұсында: «Бақсы қыз» шығармасының мәні» тақырыбында жүргізді. Дәріс барысында шығармаға әдеби және мәдени тұрғыдан талдау жасалып, оның тарихи контексті мен идеялық мазмұны кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында студенттер шығармаға қатысты сұрақтарын қойып, белсенді түрде пікір алмасты. Дәріс көркем мәтінді тереңірек түсінуге, сондай-ақ аударма барысындағы тілдік және мәдени ерекшеліктерді зерделеуге мүмкіндік берді.

Аталған жоба студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, корей әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға және Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.