ҚазҰУ ғалымдары Қызылорда өңірін дамытудың инновациялық жобаларын ұсындыFarabi University

91ý

ҚазҰУ ғалымдары Қызылорда өңірін дамытудың инновациялық жобаларын ұсынды

6 мамыр 2026
ҚазҰУ ғалымдары Қызылорда өңірін дамытудың инновациялық жобаларын ұсынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысы аясында Қызылорда облысында өткен «Өңірлік дамудың басым бағыттары» атты ғылыми сессияға қатысты.

Ауқымды жиынға Ұлттық ғылым академиясының басшылығы, еліміздің жетекші ғалымдары мен өндіріс және бизнес құрылымдарының өкілдері жиналды. Шараның басты мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ғылыми шешімдер мен инновациялық технологияларды талқылап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Сессия барысында ҚазҰУ-дың ылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева және Эксперименттік және теориялық физика ҒЗИ директоры Бақыт Ханиев өңірдің экологиялық, инфрақұрылымдық және цифрлық даму бағыттары бойынша кешенді жобаларды таныстырды. Университет ғалымдары Арал маңын қалпына келтіру, атмосфералық ауа мониторингі, деградациялық процестерді бақылауға арналған геоақпараттық платформа құру, 3D-кадастр үшін жер ресурстарын бақылау және мобильді автономды күн энергетикалық қондырғыларын енгізу сияқты маңызды бастамаларды ұсынды. Сонымен қатар ҚазҰУ суперкомпьютерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қызылорданың цифрлық болашағын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша Қызылорда облысы тарапынан өңірдің өзекті мәселелері бойынша нақты міндеттер тізімі айқындалатын болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, қолданбалы жобалық шешімдер әзірлеуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар Қызылорда облысының өкілдері ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы және зертханаларымен танысуға ниет білдірді. Осыған орай, университет өкілдері өңір делегациясын оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетін көруге арнайы шақырды.

Шара аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы келісім жасалды. Бұл серіктестік өңірлік мәселелерді шешуде ғылыми байланысты күшейтіп, Сыр өңірінің тұрақты дамуына жаңа серпін бермек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі