Ректор Алтын Орда тақырыбына арналған халықаралық симпозиумға қатыстыFarabi University

91ý

Ректор Алтын Орда тақырыбына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

19 мамыр 2026
Ректор Алтын Орда тақырыбына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» тақырыбындағы симпозиумға қатысты. 

Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен келген делегация жиналды. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы Алтын Орданың тарихына тоқталып, аталған салада атқарылып жатқан жұмыс жөнінде айтты. «Алтын Орда мұрасы – ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Менің бастамаммен Қазақстанда Жошы ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл  осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Сондай-ақ Президент биыл «Ақсақ құлан» күйінің шығуына 800 жыл толатынын айтты. 

Өз сөзінде Мемлекет басшысы ғалым-сарапшыларға Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін және экономикалық құрылымын жан-жақты мұқият зерделеу қажет екенін жеткізді. «Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді», – деді Президент.

Сонымен қатар симпозиумда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия ғылым академиясының президенті Дэмбэрэл Содносамбуу, Өзбекстан ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі