Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Жетісу кеден бекеті базасында ашық есік күні аясында танымдық кездесу ұйымдастырылдыFarabi University

91ý

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Жетісу кеден бекеті базасында ашық есік күні аясында танымдық кездесу ұйымдастырылды

21 мамыр 2026
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Жетісу кеден бекеті базасында ашық есік күні аясында танымдық кездесу ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының 2022 жылғы 31 желтоқсандағы №1147 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің әртүрлі нысаналы топтары деңгейінде декомпозициямен ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының 20-тармағын орындау мақсатында, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру және мемлекеттік кірістер органдары қызметінің ашықтығын арттыру бағытында 2026 жылғы 21 мамыр күні сағат 11:00-де Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Жетісу кеден бекеті базасында ашық есік күні аясында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жетісу» кеден бекетінің басшысы Құлбарақов Нұрсұлтан Игілікұлы, «Жетісу» кеден бекетінің бас маманы Алияскарова Айкерим Абухановна, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Г.А. Куаналиева, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен заң факультетінің студенттері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар кеден бекетінің күнделікті қызметімен жан-жақты танысты. Ашық есік күні аясында студенттер мен оқытушылар кедендік бақылау жүргізу тәртібін, жүк тасымалын рәсімдеу үдерісін, тауарлар мен көлік құралдарын тексеру жұмыстарын, кедендік ресімдеу кезеңдерін және мемлекеттік кірістер органдарының заманауи қызмет бағыттарын өз көздерімен көрді. Сонымен қатар, кеден қызметкерлері халықаралық жүк тасымалы кезінде қолданылатын бақылау тетіктері, қауіпсіздік шаралары және заң талаптарының сақталуы жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында Алияскарова Айкерим Абухановна студенттерге кеден бекетінің негізгі жұмыс бағыттары туралы ақпарат беріп, кедендік бақылау рәсімдерінің ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар, болашақ мамандарға кеден саласындағы қызметтің жауапкершілігі, кәсіби этикасы және мемлекеттік қызметтің маңыздылығы жөнінде тағылымды пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар кеден бекетінің материалдық-техникалық базасымен, жүк қабылдау және тексеру аймақтарымен, кедендік бақылау аймақтарының жұмыс тәртібімен танысып, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ашық есік күніне қатысқан студенттер кеден саласының жұмысымен жақын танысып, үлкен әсер алып қайтты. Мұндай тағылымдық кездесулер жастар арасында адалдық, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше ықпал етеді.