ҚазҰУ студенттері халықаралық саясаткердің дәрісіне қатыстыFarabi University

91ý

ҚазҰУ студенттері халықаралық саясаткердің дәрісіне қатысты

25 Мам, 2026
ҚазҰУ студенттері халықаралық саясаткердің дәрісіне қатысты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Корея ғылым және озық технологиялар институтының (KAIST) профессоры, Корея Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі Пак Чжинмен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Басқосу барысында тараптар ғылым, білім беру және ғылыми дипломатия салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе бірлескен зерттеулерге, академиялық алмасуға және халықаралық ғылыми жобаларды дамытуға басымдық берілді. Делегация өкілдерін қарсы алған Еркін Дүйсенов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аймақтағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі ретіндегі беделін нығайтып, әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен серіктестікті кеңейтіп келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Пак Чжин ғылыми дипломатияның маңызына және университеттердің халықаралық ықпалдастықты нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ғылым мен білім мемлекеттерді саяси шекаралардан да берік байланыстырады.

Кездесуден соң Корея Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі, саясаткер Пак Чжин көшбасшылық дәріс оқыды. 

Іс-шараға оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы, факультет декандары, студенттер мен жас зерттеушілер жиналды. 

Құрметті қонақты Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов таныстырып, оның дипломатия мен мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесіне, халықаралық деңгейдегі еңбектеріне тоқталды.

Дәріс барысында спикер қазіргі халықаралық қатынастар, дипломатия және жаһандық көшбасшылықтың маңызы туралы ой бөлісіп, жастарға өз тәжірибесі негізінде құнды кеңестер айтты. Сонымен қатар ғалым жаһандану дәуірінде білім мен ғылымның рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, жас буынды үнемі ізденуге, кәсіби біліктілікті жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

«Қазіргі әлемде нағыз көшбасшы білімді болып қана қоймай, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, өзгерістерге бейім болуы керек. Жастар болашақтың қозғаушы күші саналады. Сондықтан үздіксіз ізденіп, жаһандық деңгейде ойлай білу маңызды. Білім мен ғылым – кез келген елдің дамуының басты кепілі. Егер жастар жаңашылдыққа ұмтылып, өз елінің өркендеуіне үлес қосса, қоғам да қарқынды дамиды», – деді спикер.

Пак Чжин жастардың бірнеше тіл меңгеріп, халықаралық тәжірибе алмасуы және мәдениетаралық байланыстарды нығайтуы аса маңызды міндет екенін атап өтті. Қатысушылар лекторға өз сұрақтарын қойып, халықаралық дипломатия саласындағы тәжірибесі туралы еркін форматта сұхбат құрды.

Көшбасшылық дәріс соңында ғалым Пак Чжинге ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табыс етілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі