Экономика білім беру бағдарламасы студенттерінің оқу тәжірибесін ұйымдастыру жұмыстары — ҚазҰУ

91ý

Экономика білім беру бағдарламасы студенттерінің оқу тәжірибесін ұйымдастыру жұмыстары

26 мамыр 2026
Экономика білім беру бағдарламасы студенттерінің оқу тәжірибесін ұйымдастыру жұмыстары

2026 жылдың 25 мамыры мен 6 маусымы аралығында Экономика кафедрасының 6В04103 «Экономика» білім беру бағдарламасының қазақ және орыс топтарының студенттері оқу жоспарына сәйкес оқу тәжірибесінен өту жоспарланған. Оқу тәжірибесі студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандықтарына қатысты кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Тәжірибе барысында студенттер экономикалық бағыттағы негізгі ұғымдар мен әдістерді тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, олардың аналитикалық ойлау қабілеті, зерттеу жүргізу дағдылары және кәсіби құжаттармен жұмыс жасау тәжірибесі қалыптасады.

Осыған байланысты 2026 жылдың 25 мамыр күні оқу тәжірибесінің жетекшілері Д.Р.Тұраров пен Ә.Ж.Сәрсенова студенттермен арнайы кездесу өткізіп, тәжірибені ұйымдастыру және өткізу тәртібі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында студенттерге оқу тәжірибесінің негізгі мақсаты мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, тәжірибенің болашақ экономист мамандарды кәсіби ортаға бейімдеу, олардың экономикалық талдау жасау, ақпарат жинау және өңдеу, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу қабілеттерін дамытудағы маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар, тәжірибе кезеңінде орындалатын жұмыстардың мазмұны мен кезеңдері таныстырылды. Студенттерге тәжірибе барысында күнделік жүргізу, қажетті материалдарды жинақтау, деректерді талдау, тәжірибе есебін дайындау және оны рәсімдеу талаптары туралы толық ақпарат берілді. Әсіресе, оқу тәжірибесінің қорытынды есебін рәсімдеу ережелеріне ерекше назар аударылып, есептің құрылымы, мазмұны, безендірілуі және тапсыру мерзімдері түсіндірілді.

Кездесу барысында студенттерге өзіндік зерттеу жұмыстарының тақырыптары ұсынылып, зерттеу жұмысын орындаудың әдістемелік бағыттары түсіндірілді. Әрбір тақырыптың өзектілігі мен практикалық маңызы айтылып, зерттеу жұмысының құрылымы, яғни кіріспе, негізгі бөлім, талдау бөлімі, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімін рәсімдеу тәртібі таныстырылды. Сонымен қатар, студенттерге академиялық адалдық қағидаларын сақтау, дереккөздерге дұрыс сілтеме жасау және ғылыми стильде жазу талаптары ескертілді.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибе жетекшілерінен қажетті кеңестер алды. Мұндай ұйымдастырушылық кездесулер студенттердің тәжірибе барысында бағыт-бағдар алуына, жауапкершілігін арттыруына және оқу тәжірибесін сапалы деңгейде өтуіне үлкен мүмкіндік береді.

 

Ұйымдастырушылар: Д.Р.Тураров, Ә.Ж.Сәрсенова