Академиялық байланыстар беки түсудеFarabi University

91ý

Академиялық байланыстар беки түсуде

26 мамыр 2026
Академиялық байланыстар беки түсуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсеновтің Alma Ata University делегациясымен кездесуі өтті. Басқосу Қазақстан мен Индонезия жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға арналды.

Делегация құрамында Alma Ata University ректоры, профессор Хамам Хади, Alma Ata Foundation Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Ида Руфаида Али, қор төрағасы Мұхаммад Раджиф Арза және университеттің Халықаралық офис директоры Раден Нур Рахман Дзакийуллах болды.

Келіссөз барысында тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамыту, ғылыми тәжірибе бөлісу және медицина, цифрлық технологиялар мен тұрақты даму салаларындағы ортақ зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың халықаралық әріптестікті кеңейтуге ерекше мән беретінін атап өтті. «Бүгінде университеттер арасындағы серіктестік ғылым мен білімнің дамуына серпін береді. Біз үшін академиялық алмасуды күшейтіп, студенттер мен жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды», – деді бірінші проректор. 

Alma Ata University ректоры Хамам Хади ҚазҰУ-дың халықаралық академиялық ортадағы беделіне жоғары баға беріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. 

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ғылыми және білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды, халықаралық конференциялар өткізуді және академиялық ұтқырлықты дамытуды көздейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі