Сарапшылар инвестициялық саясатты зерттеді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Экономикалық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету және заманауи өнеркәсіптік саясат» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиын мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Серікбай Нұрғисаевтың 70 жылдық мерейтойына арналды.
Форумға отандық және Финляндия, Индонезия, Өзбекстан және Қытай елдерінен келген жетекші ғалымдар, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық сарапшылар мен зерттеушілер қатысты. Басқосуда экономикалық қауіпсіздік, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, өнеркәсіптік саясат және заманауи технологиялық үдерістерді құқықтық реттеу мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қазіргі кезеңде экономикалық қауіпсіздік технологиялық даму, цифрландыру және мемлекеттік институттардың тұрақтылығымен тығыз сабақтас екенін атап өтті. «Бүгінде жаһандық және ұлттық экономика қарқынды өзгеріп жатыр. Осындай жағдайда мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, кәсіпкерлікті қолдайтын әрі заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін тиімді құқықтық тетіктерді қалыптастыру аса маңызды», – деді Еркін Дүйсенов.
Сондай-ақ ол Серікбай Нұрғисаевтың мемлекеттік басқару жүйесі мен отандық ғылымның дамуына қосқан еңбегіне ерекше тоқталды. «Серікбай Өрікбайұлының өмір жолы – кәсібилік пен елге адал қызмет етудің үлгісі. Оның мол тәжірибесі мен терең білімі ғылыми және білім беру саласының дамуына әлі де үлкен үлес қосып келеді», – деді бірінші проректор.

Жиында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов және Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста су қауіпсіздігі, тұрақты даму, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, экологиялық саясат және қазіргі экономиканың құқықтық аспектілері қарастырылды. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев Арал теңізін қалпына келтірудің өңірдің тұрақты дамуындағы стратегиялық маңызына назар аударды. Жиында халықаралық сарапшылар инвестициялық саясат, тұрақты даму және цифрлық экономика бағытындағы зерттеулерін ұсынды. Сонымен қатар жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық платформаларды құқықтық реттеу мәселелеріне ерекше мән берілді.


Пленарлық отырыстан кейін қонақтар университеттің инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Делегация Farabi Hub, Робототехника орталығы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы және суперкомпьютерлік кластерін аралады.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар