ҚазҰУ магистранты көлік саласын цифрландыру жобасын басқарды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты елдің көлік-логистика саласын цифрландыруға бағытталған KazMaps жобасын басқаруда. Ақпараттық технологиялар факультетінің білім алушысы Абдымажит Ислам жетекшілік ететін бұл National Road Geoportal (KazMaps) жүйесі халықаралық GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 форумында ресми түрде таныстырылды. Ауқымды технологиялық көрме аясында аталған жоба «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынылды.

Жобаның еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. National Road Geoportal (KazMaps) – республикалық жол инфрақұрылымын нақты уақыт режимінде мониторингілеу мен тиімді басқаруға арналған ауқымды отандық цифрлық платформа. Жобаны қазақстандық «M9 Projects and Investments» компаниясы ұсынды. Компанияның негізін қалаушы – кәсіпкер Мухамедияр Мукашев. Жүйенің басты ерекшелігі – оның шетелдік бағдарламалық өнімдерге тәуелсіздігінде, яғни қазақстандық мамандардың жеке технологиялық қозғалтқышы негізінде әзірленген. Бұл мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттырумен қатар, платформаны өзге де цифрлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерге оңай интеграциялауға мүмкіндік береді.

Жобаның техникалық директоры әрі негізгі әзірлеушісі Абдымажит Ислам бұл жетістіктің кілті білім мен тәжірибенің ұштасуында екенін атап өтті. «Мемлекет басшысына жобаны таныстыру біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Бұл ауқымды жүйенің сәтті жүзеге асуына университетте қалыптасқан іргелі теориялық база мен өндірістік практикалық тәжірибенің тигізген септігі орасан зор», – дейді автор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар