ҚазҰУ-да биофизика мен нейроғылымның болашағы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Биофизика, биомедицина, хронобиология және нейроғылымды дамыту перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Ауқымды іс-шара көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымының докторы, профессор Сұлтан Төлеуханұлы Төлеухановтың 75 жылдық мерейтойына арналды.
Шараны ашқан ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ғалымның өмір жолы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты екенін жеткізді. Проректор өз сөзінде профессордың «Медициналық-биологиялық іс» және «Биофизика» мамандықтарының қалыптасуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Сұлтан Төлеуханұлы елімізде алғаш рет хронобиология, хрономедицина және биофизика мәселелері бойынша ғылыми мектеп құрды. Бүгінде бұл мектептің шәкірттері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де табысты еңбек етіп жүр», – деді Марғұлан Ибраимов.

Сонымен қатар проректор ғалымның бастамасымен 2025 жылы ҚР хронобиологтар және хрономедиктер қауымдастығының құрылғанын, бұл отандық ғылымды жаңа халықаралық деңгейге көтергенін баса айтты.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Өмір және денсаулық туралы ғылымдар бөлімінің төрағасы, академик Вячеслав Локшин мерейтой иесінің Ұлттық ғылым академиясымен тығыз байланысын және ғылымды насихаттауға қосқан үлесін атап өтті. «Бүгінде қоғам ғылымға мұқтаж. Осындай ғалымдардың арқасында ғылыми жетістіктер тәжірибешілерге, болашақ ғалымдарға және студенттерге жетіп отыр», – деді Вячеслав Локшин.

Пленарлық отырыста баяндама жасап, мерейтой иесін құттықтағандар қатарында Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Амангелді Саданов, биология және биотехнология факультетінің деканы Мейрамкүл Нармұратова, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Амангелді Бисенбаев, академик Болатхан Заядан, Ресей ғылым академиясының Жасуша биофизикасы институты зертханасының меңгерушісі Валерий Зинченко және басқа да ғалымдар болды.

Қатысушылар онкологиядағы хронотерапияның өзекті мәселелерін, фотосинтездің молекулалық механизмдерін, нейроғылымның биофизикалық аспектілерін және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар