- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да цифрлық дәуірдің сын-қатерлері мен Токио университетімен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
ҚазҰУ-да цифрлық дәуірдің сын-қатерлері мен Токио университетімен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева мен Токио университетінің атқарушы вице-президенті Каори Хаясидің кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Омиржанов, журналистика факультетінің деканы Айгерім Альжанова, физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ақерке Абаған, сондай-ақ Токио университеті делегациясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Алина Галеева екі университет арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, ғылым, білім және академиялық алмасу салаларындағы бірлескен бастамалардың әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Өз кезегінде Каори Хаяси студенттер мен оқытушылардың қатысуымен халықаралық жобаларды дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Сапар аясында Каори Хаяси ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Цифрлық дәуірдегі жалған ақпараттың өсуі: жапондық көзқарас» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Іс-шараға журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері, шығыстану факультетінің өкілдері, Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары және заманауи медиа мен цифрлық коммуникацияларға қызығушылық танытқан білім алушылар қатысты.
Дәріс қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, себебі жалған ақпараттың таралуы қазіргі әлемдік медиа кеңістіктегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Каори Хаяси цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердің қоғамдық пікірге әсері, фейк жаңалықтардың таралу тетіктері, сондай-ақ Жапонияда медиасауаттылықты дамыту және жауапты журналистиканы қалыптастыру бағытында қолданылатын тәсілдер туралы айтты.
Дәріс барысында жастардың сыни ойлау қабілетін қалыптастырудағы университеттердің рөліне ерекше назар аударылды. Спикердің айтуынша, қазіргі білім беру жүйесі тек кәсіби білім беріп қана қоймай, студенттерді ақпаратты саралай білуге және цифрлық ортада дұрыс бағдар жасауға үйретуі қажет.
Каори Хаяси – медиа және журналистика саласындағы танымал зерттеуші. Ол Токио университетінің атқарушы вице-президенті қызметін атқарады және Ақпараттық зерттеулер жөніндегі пәнаралық бастама институтының профессоры болып табылады. Оның ғылыми қызығушылықтары журналистика, медиа социологиясы, демократия және ақпараттық қоғамның дамуы мәселелерін қамтиды.
Токио университеті Азиядағы және әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі саналады. Университет халықаралық ынтымақтастықты, академиялық алмасу бағдарламаларын және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми зерттеулерді белсенді түрде дамытып келеді.
Мұндай ынтымақтастық ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Академиялық алмасу бағдарламаларына, бірлескен жобалар мен халықаралық зерттеулерге қатысу білім алушылардың академиялық тәжірибесін кеңейтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және мәдениетаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Ал оқытушылар мен ғалымдар үшін Токио университетімен серіктестік тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға жол ашады.
Басқа жаңалықтар