- Басты бет
- Жаңалықтар
- Филология факультетінде ағылшын тілі оқытушыларына арналған Oxford University Press әдістемелік семинарлары өтті
Филология факультетінде ағылшын тілі оқытушыларына арналған Oxford University Press әдістемелік семинарлары өтті
2026 жылғы 16–17 маусым күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен Oxford University Press әдістемелік семинарлары өтті.
Семинарлардың спикері Oxford University Press баспасының Қазақстандағы ресми өкілі InterPress компаниясының промо-бөлімінің жетекшісі Байбатырова Әсел Едігеқызы болды. Кездесу барысында қатысушылар ағылшын тілін оқытудың заманауи халықаралық әдістемелерімен, цифрлық білім беру құралдарымен және тілдік құзыреттерді дамытуға арналған тиімді тәжірибелермен танысты.

«Read Your Way to Better English with Oxford Reading Club» атты алғашқы семинар аясында Oxford Reading Club платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушылар ағылшын тіліндегі оқу дағдыларын дамыту, білім алушылардың оқу мотивациясын арттыру және интерактивті цифрлық ресурстарды білім беру үдерісіне енгізу мәселелерін талқылады.
«Gets you talking: Why English File works» атты екінші семинар ағылшын тілін оқытудағы English File әдістемесін тиімді қолдануға арналды. Қатысушылар студенттердің коммуникативтік дағдыларын дамытуға, олардың оқу белсенділігін арттыруға және ағылшын тілінде еркін сөйлеу қабілетін қалыптастыруға бағытталған заманауи оқыту стратегияларын қарастырды.

Іс-шараларға ағылшын тілі оқытушылары, жас ғалымдар, докторанттар және заманауи білім беру технологиялары мен халықаралық тіл оқыту әдістемелеріне қызығушылық танытқан мамандар қатысты. Осындай семинарларды өткізу оқытушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, халықаралық озық тәжірибелерді білім беру үдерісіне енгізуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Аймагамбетова М.М.