ДАЛАЛЫҚ ОҚУ ПРАКТИКАСЫ ТАБЫСТЫ ӨТТІ — ҚазҰУ

91ý

ДАЛАЛЫҚ ОҚУ ПРАКТИКАСЫ ТАБЫСТЫ ӨТТІ

8 маусым 2026
ДАЛАЛЫҚ ОҚУ ПРАКТИКАСЫ ТАБЫСТЫ ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті Картография және геоинформатика кафедрасының 6B07301 – «Геодезия және картография» және 6B07302 – «Геоинформатика» білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттері далалық оқу практикасынан сәтті өтті.

Практикаға PhD, аға оқытушы Сарсембекова З.Қ. жетекшілік жасап, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына бағыт-бағдар берді. Практика барысында білім алушылар бірінші курста меңгерген теориялық білімдерін нақты өндірістік жағдайларға жақын ортада қолдану мүмкіндігіне ие болды.

Студенттер заманауи геодезиялық аспаптармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіріп, жергілікті жерде өлшеу жұмыстарын орындады, далалық бақылаулар жүргізді және геодезиялық түсіріс әдістерін тәжірибе жүзінде меңгерді. Сонымен қатар, алынған мәліметтерді өңдеу мен талдау жұмыстарын орындап, болашақ кәсіби қызметтеріне қажетті тәжірибе жинақтады.

Далалық оқу практикасы студенттердің таңдаған мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға, жауапкершілік пен ұқыптылық қасиеттерін дамытуға зор ықпал етті. Практика нәтижесінде білім алушылар геодезия және геоинформатика салаларындағы теориялық білімдерін бекітіп, болашақ маман ретінде маңызды практикалық тәжірибе жинақтады.