Білім беру мен нақты өндірісті ұштастыру — заманауи экономистерді даярлаудың ең маңызды кезеңі болып табылады. Осы орайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты Даму Мақсаттарының (ТДМ) бірнеше негізгі бағыттарын, атап айтқанда: 4-ші мақсат «Сапалы білім беру», 8-ші мақсат «Лайықты еңбек және экономикалық өсу», 11-ші мақсат «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» және 17-ші мақсат «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» идеяларын басшылыққа ала отырып, маңызды іс-шара ұйымдастырылды.
2026 жылдың 3 маусым күні Экономика кафедрасының «6В04109 – Цифрлық экономика» мамандығының 1-курс студенттері үшін айтулы әрі танымдық күн болды, өйткені олар алғашқы оқу практикасы шеңберінде еліміздегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі — «Самал» су тауарлы маркасымен танымал ЖШС «Керемет Су СКЕ» компаниясының өндіріс базасына арнайы танымдық саяхат жасады. Бұл іс-шара «Цифрлық экономика» білім беру бағдарламасының оқу жоспарына сәйкес, екінші аптаның «Оқу практикасының маңыздылығы» тақырыбы бойынша практикалық ортадағы тәжірибелік сабақ және танымдық саяхат ретінде сәтті өткізілді. Университет қабырғасына енді ғана қадам басқан 1-курс студенттері үшін бұл саяхат теориялық білімді нақты өндіріспен ұштастырудың алғашқы үлкен баспалдағына айналды.
Саяхат барысында болашақ цифрлық экономика мамандары «Керемет Су СКЕ» компаниясының автоматтандырылған өндірістік үдерісімен, суды терең тазалау, көп деңгейлі сүзу және заманауи орау, құю кезеңдерімен жақыннан танысты. Олар өндірістік базаның барлық деңгейлерін өз көздерімен көріп, зауыт ішіндегі негізгі қорлардың, яғни қондырғылар мен роботтандырылған жүйелердің қалай жұмыс істітінін зерделеді, сонымен қатар студенттер фирма қызметіндегі цифрландыру технологияларының рөлін алғаш рет практикалық тұрғыда бақылап, олардың экономикалық тиімділігіне алдын ала талдау жасауға дағдыланды. Кәсіпорынның білікті өкілдері мен технологтары жас студенттерді қарсы алып, өндіріс процесінде кеңінен қолданылатын заманауи ІТ-шешімдер, сапаны бақылаудың автоматтандырылған жүйелері және цифрлық құралдардың кәсіпорын табысын арттырудағы рөлі туралы жан-жақты, қызықты ақпарат берді. Сонымен қатар, кәсіпорынның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытындағы ересен еңбегі, жұмысшыларға жасалған лайықты еңбек жағдайлары, қатаң еңбек қауіпсіздігі мен экологиялық талаптарды сақтау бойынша озық тәжірибесі нақты мысалдармен көрсетілді, осының арқасында студенттер экология мен цифрлық технологияның қалай ұштасатынын терең түсінді. Оқу саяхатының соңында 1-курс студенттері алған әсерлерімен белсенді бөлісіп, цифрлық экономиканың нақты өндірістегі стратегиялық рөлін және оның экологиялық тұрақты даму үдерісіне қосатын маңызды үлесін қызу талқылады, бұл тәжірибе олардың таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттыра түсті.
Осы ерекше әрі нәтижелі танымдық оқу саяхатының негізгі ұйымдастырушысы және пән оқытушысы – PhD, аға оқытушы Иляшова Гулия Кенжебековна. Мұндай тәжірибелік шаралар жас студенттердің кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Іс-шараны ұйымдастырушы және практика жетекшісі: «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Иляшова Гулия Кенжебековна.