- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың «Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранты Қытайдағы халықаралық жазғы мектепке қатысуда
ҚазҰУ-дың «Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранты Қытайдағы халықаралық жазғы мектепке қатысуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранты Тыныштыбаева Гүлрайхан Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шыңжаң университетінде (Xinjiang University) 2026 жылғы 7–20 шілде аралығында Қытай Үкіметінің стипендиялық бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Scientific and Technological Innovation & Teaching Activities on Arid Zone Geography» халықаралық жазғы мектебіне қатысуда.

Бағдарлама Шыңжаң университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Satbayev University бірлесіп ұйымдастырған халықаралық білім беру жобасы болып табылады. Жазғы мектеп география, климатология, геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтықтан зондтау салаларындағы заманауи жетістіктерді зерделеу мақсатында жас зерттеушілер мен оқытушылардың басын қосады. Бағдарлама аясында Тыныштыбаева Гүлрайхан құрғақ аймақтар географиясы, климаттың өзгеруі, геоақпараттық жүйелер (GIS), Жерді қашықтықтан зондтау (Remote Sensing), LiDAR технологиялары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, Жер жүйесін модельдеу және геокеңістіктік үлкен деректерді интеллектуалды өңдеу бағыттары бойынша жетекші ғалымдардың дәрістеріне қатысуда. Сонымен қатар бағдарлама зертханалық және далалық тәжірибелік сабақтарды, ArcGIS бағдарламасымен жұмыс істеуді, қашықтықтан зондтау деректерін өңдеуді, топырақ және гидрологиялық зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ LiDAR технологиялары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданудың заманауи әдістерін меңгеруді қамтиды.

Білім беру бағдарламасымен қатар қатысушылар үшін мәдени алмасу іс-шаралары, қытай каллиграфиясы бойынша сабақтар және Шыңжаң өңірінің тарихи-мәдени әрі табиғи көрікті орындарына экскурсиялар ұйымдастырылған.
Халықаралық жазғы мектепке қатысу ҚазҰУ-дың «Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранты Тыныштыбаева Гүлрайханға кәсіби білімін тереңдетуге, шетелдік әріптестерімен ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.