2025 жылғы 28 қазанда Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы Борбасова Гүлнұр Нұрсайынқызының ұйымдастыруымен «Мотивация және мақсатқа жету» тақырыбында танымдық ашық сабақ өткізілді. Іс-шараға «Медицина» мамандығының 2 курс студенттері белсенді қатысты.
Аталған тақырып қазіргі жастар үшін өзекті, өйткені мотивация тұлғаның дамуының, жетістікке жетуінің және өмірлік мақсаттарын жүзеге асыруының негізгі психологиялық тетіктерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты студенттерге мотивацияның мәнін түсіндіру, ішкі уәжділікті белсендіру және мақсатқа жету стратегияларын меңгерту маңызды міндет ретінде қарастырылды.
Сабақтың мақсаты – мотивация ұғымының мазмұнын ашу, оның тұлға өміріндегі рөлін түсіндіру, мақсат қою мен оған жетудің психологиялық ерекшеліктерін талдау, сондай-ақ студенттерді өз мақсаттарын саналы түрде айқындап, жүйелі түрде жүзеге асыруға бағыттау болды. Сонымен қатар, өзін-өзі дамытуға деген қызығушылықты арттыру және болашақ кәсіби қызметте табысқа жету жолдарын көрсету көзделді.
Іс-шара барысында студенттер мотивацияның негізгі теорияларымен, оның түрлерімен және жетістікке жетудегі рөлімен танысты. Ішкі және сыртқы мотивация ұғымдары талданып, олардың мінез-құлыққа әсері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен бірге, мақсат қоюдың тиімді әдістері, соның ішінде SMART қағидаларын қолдану ерекшеліктері практикалық тұрғыда қарастырылды.
Сабақ интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер презентациялар дайындап, өз ойларын еркін білдірді. Олар өмірлік мақсаттары, құндылықтары және шабыт көздері туралы пікір алмасып, бір-біріне мотивациялық қолдау көрсетті. Бұл жұмыс түрлері коммуникативтік дағдыларды дамытуға және сыни ойлау қабілетін жетілдіруге ықпал етті.
Қорытынды бөлімде мотивациялық бейнематериалдар ұсынылып, психологиялық тапсырмалар, логикалық ребустар және сұрақ-жауап форматындағы белсенді жұмыстар ұйымдастырылды. Бұл тәсілдер студенттердің оқу белсенділігін арттырып, пәнге деген қызығушылығын күшейтті.
Жалпы алғанда, ашық сабақ мазмұнды және жоғары деңгейде өтті. Іс-шара студенттердің мотивация туралы білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың мақсатқа бағытталған мінез-құлқын қалыптастыруға және тұлғалық дамуына оң әсер етті.