Экологиялық диалог: ҚазҰУ-дағы жазғы мектептің төртінші күні — ҚазҰУ

91ý

Экологиялық диалог: ҚазҰУ-дағы жазғы мектептің төртінші күні

24 маусым 2026
Экологиялық диалог: ҚазҰУ-дағы жазғы мектептің төртінші күні

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қоршаған ортаны қорғау – 2026»  ІІІ Халықаралық жазғы мектебі өз жалғасын табуда. Бірнеше жыл бойы дәстүрге айналғандай, биыл да Қытайдан келген зерттеушілер мен студенттер шараның белсенді қатысушылары қатарында. Олар Қазақстан-Қытай бірлескен Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы аясындағы тұрақты ынтымақтастық негізінде тәжірибе алмасуға келген. Орталық Азияның қуаң аймақтарындағы экологиялық мониторинг, тұрақты даму және қоршаған ортаға түсетін антропогендік салмақты бағалау – екі ел ғалымдарын біріктіретін ортақ тақырыптар. 24 маусым күні жазғы мектеп тыңдаушылары үшін теория мен практика ұштасқан танымдық күн болды.

Бүгінгі күн аға оқытушы Гауһар Садуақасованың дәрісімен басталды. Ол аудиторияға «Тазартылған ағын суларды ішуге бола ма?» деген сұрақ қоя отырып, су ресурстарының тапшылығы жағдайындағы шешімдерді талқылады. Бұл тақырып жаһандық жылыну мен су тапшылығын сезіне бастаған қоғам үшін өте маңызды.

Одан әрі дәріс кезегін техника ғылымдарының кандидаты Баян Түсіпова жалғастырып, «Қала экожүйелеріне адамның тигізетін әсерін бағалау» тақырыбында талдау жасады. Урбанизацияның қарқыны артқан сайын, мегаполистердің табиғи ортасы қалай өзгеретіні және бұл өзгерістерді қалай өлшеп, басқаруға болатыны туралы нақты мысалдар келтірілді. Келесі дәріскер химия ғылымдарының кандидаты Минжанова Гульдана екі тақырыпты қамтыды. Алдымен ол «Экологиялық таңбалау» мәселесін түсіндіріп, тұтыну мәдениетінің қыр-сырына тоқталды. Сонымен қатар, Минжанова Г.М. кафедра доценті, т.ғ.к. Құтжан Асқан Нұртайқызы дайындаған “Тұрақты даму және заманауи  қоғам” тақырыбындағы дәрісті  де студенттерге таныстырды . Мұнда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (SDG) жету жолындағы қоғамның міндеттері жөнінде басымдық берілді. 

Түстен кейін студенттер мен спикерлер ҚазҰУ-дың «Мәңгілік Ел» триумфалды аркасының алдына жиналды. Доктор PhD Айгүл Байботаеваның жетекшілігімен қатысушылар Ботаникалық баққа барып, оның ғылыми-ағартушылық қызметімен танысты. Шетелдік қонақтарды күтіп алу жұмыстарына биылғы түлектеріміз Әнуар Серіков пен Адасов Изат белсене араласып, ұйымдастыру ісіне үлкен үлес қосты. Күн қатысушылардың өзара пікір алмасуымен және жалпы естелік суретке түсумен аяқталды.