ҚазҰУ студенттері Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Мәдени өкілдігінде өндірістік тәжірибеден өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ студенттері Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Мәдени өкілдігінде өндірістік тәжірибеден өтті

29 маусым 2026
ҚазҰУ студенттері Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы  Мәдени өкілдігінде өндірістік тәжірибеден өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің «Аударма ісі» және «Шығыстану» (парсы тілі) білім беру бағдарламаларының 2–3 курс студенттері Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдікте өндірістік тәжірибеден сәтті өтті. Тәжірибеге барлығы сегіз студент қатысып, кәсіби ортада парсы тілін жетілдіруге, сондай-ақ Иранның мәдени-ағартушылық мекемесінің жұмысымен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Тәжірибе қорытындысы бойынша  мәдени істер жөніндегі атташе Мохаммад Масуд Садеғи студенттерге өндірістік тәжірибеден өткені туралы ресми сертификаттарды табыстап, олардың жауапкершілігі мен белсенділігін жоғары бағалады.

Өндірістік тәжірибе барысында студенттер парсы тіліндегі кітап қорымен жұмыс істеп, тілдік құзыреттерін одан әрі дамытты. Сонымен қатар кітапхана ісінің заманауи әдістерін меңгеріп, электрондық каталог жасауға, кітап қорын жүйелеуге, басылымдарды библиографиялық сипаттауға, шифрлау мен штрих-кодтау жұмыстарын жүргізуге қатысты. Практиканттар өздерін қызықтырған парсы тіліндегі кітаптарды аударып, Иранның тарихы, мәдениеті, қоғамы және өркениетіне арналған құнды ғылыми және әдеби еңбектермен танысты. Мұндай тәжірибе болашақ аудармашылар мен шығыстанушылардың кәсіби құзыреттерін нығайтып қана қоймай, олардың ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, ақпаратты жүйелеу және мәдениетаралық коммуникация саласындағы тәжірибесін едәуір кеңейтті.